Атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметіне қатысты қолданыстағы заңдарға толықтырулар енгізіледі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Мемлекет басшысының 2009 жылғы сәуірдің 22-сіндегі Жарлығын орындау үшін әзірленген.
Заң жобасында сот шешімдерін орындау тәртібін бұзуға, сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мен сотты құрметтемеушілік көрінісіне байланысты қылмыстық істерді тергеу жөніндегі өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің қарамағына беру көзделеді.
Берілетін өкілеттіктерді іске асыру Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің штат санын көбейтуді қажет етпейді және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарына әкеп соқтырмайды, өйткені қолда бар штат санын қайта бөлу есебінен жүзеге асырылатын болады.
Айтылғанның негізінде Қазақстан Үкіметі заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіп отыр.
Бүгін шыққан Палатаның қаулысына сәйкес, бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлеу міндеті Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне жүктелді.