Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру үшін кейбір заңдардағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою қажет
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру үшін кейбір заңдардағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою қажет.
Осы мақсатта бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріндегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою, сонымен қатар сот орындаушылары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында олардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелеріне бағытталған.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова дөңгелек үстелге жетекшілік жасап, жүргізіп отырды. Ол заң жобасының маңыздылығы туралы кіріспе сөз сөйледі.
ҚР Әділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетов сот шешімдерін орындау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізу қажеттігін, себебі бүгінгі орындау жағдайы Қазақстан Республикасы Конституциясының сот шешімдерін орындау міндеттілігі жөніндегі нормасын қамтамасыз етпейтінін атап өтті. Мәселен, жауапсыз борышкерлер сот шешімін орындаудан жалтару мақсатында түрлі әрекеттерді пайдаланса, адал ниетті борышкерлер уақтылы орындауға ынталандырылмаған.
Заң жобасы шеңберінде Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне, сондай-ақ, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар заң жобасында борышкерлерге заңды тұлғаларды тіркеу, жылжитын және жылжымайтын мүлікті тіркеу және т.б. сияқты мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тарту сияқты өзгертулер қарастырылған.
Сот актілерін орындауға қатысты баптар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істерді қарау құқығын атқару өндірісі органдарына беру мәселесі де аталған заң жобасы шеңберінде қарастырылуда. Бұл шара борышкерлерге әкімшілік ықпал ету мүмкіншіліктерін тиімді пайдалануға септігін тигізеді.
Талқылау барысында дөңгелек үстел қатысушыларынан сот шешімдерін орындау жүйесін жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстар түсті.
Сонымен бірге, «Policy Advisory Group» консультациялық тобының өкілдерінен жеке сот орындаушыларының қызмет ақысын төлеу мөлшерлемесін төмендету - регрессивті пайыздық төлем шкаласын енгізу жолымен қайта қарауды, қарыздарын өтеуден жалтарған борышкерлерге өсім белгілеуді қарастыру туралы ұсыныстар түсті.