Атлетикалық ауылдағы жұмысшы өлімі: Сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. Қазақпарат - Атлетикалық ауылдағы жұмысшы өліміне бригадир кінәлі деп танылып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атлетикалық ауылдағы жұмысшы өлімі: Сот үкімі шықты

Қалалық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, іс Алатау аудандық сотында қаралған.

Іс материалдарына сәйкес, «Алматылифт» ЖШС  Атлеттер ауылына жақын нысанда 2016 жылдың мамырынан бастап жолаушылар лифтін орнатумен айналысқан. 21 желтоқсанда «Алматылифт»  ЖШС электромеханигінің  оқушысы Г.Быланчиев пен екінші разрядтағы электромеханик  Е.Байсмаков 8-қабатта  лифт орнатпақ болған.  Жұмыс барысында  өздері ағаштан трап орнатқан.  Арнайы сақтандыру құралдарын пайдаланбаған Быланчиев - сол жақта, Байсмаков  - оң жағында тұрған. Сол сәтте ағаш сынып кетіп,  екеуі де 8-қабаттан шахтаға құлап кеткен.

Ауыр жарақаттан Байсмаков сол жерде көз жұмса, Быланчиев ауыр жарақат алды. 

Аталған дерекке байланысты, Алатау аудандық сотында «Алматылифт» ЖШС прорабы Тахир Салимов жауап берді.

Сот отырысында Тахир Салимов еңбек қауіпсіздігін сақтамағанын мойындады.   Сонымен қатар,  сотталушы мен прокурор арасында процессуалдық келісім жасалды.

Сот үкімімен Салимов ҚР ҚК 156-бабының 3-тармағы бойынша айыпты деп танылды. Судья оны 2 жылға бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.