Атом электр станциясын салу технологиясы 2023 жылы таңдалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы елімізде атом электр станциясын салу технологиясы таңдалады. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бұл ретте 4 елдің технологиясы қарастырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2009 жылдан бастап Қазақстан табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру 21,6 мың тонна көлемінде деген болжам бар. Осы жылы желтоқсанда Қытайға жылу бөлетін жинақтардың бірінші партиясы жеткізілді. Атом электр станциясын салудың оңтайлы орны ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылды», - деді Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, АЭС салу бойынша CNNC (Қытай), Росатом (Ресей), KHNP (Корея), EDF (Франция) жеткізушілерінің реакторлық технологияларының тізімі жасалды.

«2023 жылы аталған технологиялардың бірі таңдалады. Тізімде 4 ел ҚХР, Оңтүстік Корея, Франция және Ресей Федерациясы бар. Соның арасынан таңдау жасаймыз. Одан бөлек, Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жасауда атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің миссиясын ұйымдастыру жоспарланып отыр», - дейді ол.

Еске салайық, энергетика министрі биыл маусымда атом электр станциясы салынатын жерде зерттеу жұмыстары басталғанын хабарлаған еді. https://kaz.inform.kz/news/atom-elektr-stanciyasy-salynatyn-zherde-zertteu-zhumystary-bastaldy_a3943384


Фото: storage.googleapis.com

Соңғы жаңалықтар
telegram