Атом электр станциясы «Солтүстік – Оңтүстік» желісінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселелері талқыланды. Мамандар жаңа технологиялық жабдықтардың ерекшеліктері жайында әңгімеледі.
Кездесуге облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық кеңестердің, экологиялық ұйымдардың өкілдері, энергетика саласындағы жетекші сарапшылар, ғалымдар мен қаланың белсенді тұрғындары қатысты. Жария талқылауға қатысу үшін Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және ядролық физика институтының өкілдері шақырылды. Кездесу барысында спикерлер еліміздегі атом энергетикасын дамытудың жоспарлары мен перспективаларын таныстырып, атом электр станциясын салудың қауіпсіздігі, экологиялық ұтымдылығы мен экономикалық қисындылығы мәселелеріне ерекше назар аударды.
«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Ерлан Батырбеков жобаның маңыздылығын атап өтіп, атом электр станциясын салу Қазақстандағы ғылым мен өнеркәсіпті дамытудағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін айтты.
— Атом электр станциясының құрылысы-бұл көптеген салалардың дамуын өзінен соңынан тартатын жоғары технологиялық процесс. Құрылыстың мультипликативті әсері ғылым үшін, өнеркәсіп, кадрлар даярлау үшін де сөзсіз тиімді болады. Атом электр станциясынан ешқандай зиян болмайды, өйткені бүгінгі күні III және III + буын реакторының құрылысы ұсынылады. Бұл реакторлар белсенді және пассивті заманауи қауіпсіздік деңгейлерімен жабдықталған. Реактор қалыпты жағдайдан шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтарады, — деп атап өтті Ерлан Батырбеков.
«Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин станцияны салу үшін Балқаш көлінің маңындағы Алматы облысының ауданын қарауды ұсынды. Ол мұны елдің оңтүстік аймақтарындағы электр тапшылығы мәселесін шешу қажеттілігімен түсіндірді.
— Өздеріңізеге мәлім, біздің солтүстік аймағымыз — электр энергиясының негізгі өндірушісі. Павлодар осы жүйеге кіреді, сондықтан электр энергиясының тапшылығын әлі сезінбейді, бірақ оңтүстіктегі жағдай күрделірек. «Солтүстік — Оңтүстік» желісі бүгінде 2100 мегаваттқа дейін қуат өткізеді, бұл аймақтарды қуаттандыру үшін жеткіліксіз. Сондықтан энергетиктер Үлкен ауылының маңындағы Балқаш көлінің ауданын ұсынады. Атом электр станциясы қуатты көз ретінде «Солтүстік — Оңтүстік» желісінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, — деді Тимур Жантикин.
Талқылау барысында экологиялық ұйымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар АЭС құрылысының экологиялық салдарына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Павлодар тұрғыны және энергетик Асламбек Жарасов жаңа энергия көздерінсіз еліміз болашақта елеулі проблемаларға тап болуы мүмкін екенін атап өтті. Егер елімізде жақын арада атом электр станциясының құрылысы бастамалмаса, онда 2030 жылға қарай 90-шы жылдарға дейінгі деңгейге түсіп кетуіміз мүмкін екенін ескертті.
Екібастұз ГРЭС -2 ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлфия Ахмедова энергетика саласында 34 жыл жұмыс істейді және Үлкен ауылында өткен жобаға қатысқан.
«Энергетика әрқашан кез келген саладан алда тұруы керек. Егер оны дамытпасақ, бізде ешқашан экономика дұрыс өркендемейді. Біз сырттан сатып алушы болып қала береміз. Мысал үшін Екібастұз қаласындағы станциялар 70% — ға тозған. Атом станцияларының жаңа технологиялары тұрғанда, ескі өндірістерге инвестиция салудың қажеттілігі қанша? Мен біздің ғалымдарымызға, ғылымымызға сенемін. Бұл — атом бомбасы емес, электр энергиясын өндіру. Бұл жаңа өнеркәсіптік өндірістерді құруға мүмкіндік береді, осылайша ел экономикасы көтеріледі», —деді ол.
Сондай-ақ, кездесуде пайдаланылған ядролық отынды көму мен кәдеге жарату, АЭС салу және оны пайдалану үшін маманданданған кадрлардың болуы мәселелері көтерілді.
Сарапшылар талқылауға қатысушыларды III және III + буын реакторларында қолданылатын заманауи технологиялар қауіпсіздіктің барлық қатаң талаптарына сәйкес келетініне сендірді.
«Бұл технологиялар экологиялық тәуекелдерді барынша азайтады және қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Ерлан Батырбеков.
Еске сала кетейік, Елімізде атом энергетикасында жұмыс істеуге қауқарлы 114 маман бар.