Атом энергиясын пайдалануға бағытталған заң жобасы Сенаттың жалпы отырысына шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда комитет мүшелері «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасын талқылады.

Атом энергиясын пайдалануға бағытталған заң жобасы Сенаттың жалпы отырысына шығарылады

Аталған заң жобасы ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару кезінде қауіпсіздіктің қағидаттары мен негізгі талаптарын белгілеуге бағытталған. Бұдан бөлек, құжатты қабылдау атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамту және оны реттеудегі атом энергиясын пайдаланатын мекемелерге қауіпсіздік деңгейінің талаптарын орындауға, оларды жүзеге асыруға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, заң жобасы қоршаған ортаны қорғауды көздейді, яғни, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілік уәкілеттілігін нақтылау арқылы қоршаған ортаны қорғаудың тиімді жолдары қамтылады. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда елімізде медицинада, өнеркәсіп пен ғылымда қолданылатын 5 ядролық қондырғы, 4 радиоактивтік қалдықтар қоймалары, жүздеген радиациялық қондырғылар, бірнеше мың сәулелер иондайтын нысандар бар. Сонымен қатар, Қазақстанда атом энергиясын пайдалану жұмыстарын жүргізуге 3 мыңнан астам лицензиялар берілген. Атом энергиясын пайдалану саласында қызметтерін жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілер саны да артып келеді. Талқылаудан соң комитет заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы уағдаласты.