АТР елдері мен Канада полициясы 3 мыңнан астам интернет-алаяқты ұстады

АСТАНА. KAZINFORM – Трансшекаралық алаяқтық пен ақшаны жылыстатуға қарсы халықаралық операция нәтижесінде 3 018 күдікті ұсталып, шамамен 161 млн доллар тәркіленді, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

АТР елдері мен Канада полициясы 3 мың интернет-алаяқты ұстады
Фото: Polisia.kz

Гонконг полициясының мәліметінше, екі айға созылған операцияға Гонконг пен Макао, сондай-ақ Бруней, Канада, Индонезия, Малайзия, Мальдив аралдары, Сингапур, Оңтүстік Корея және Таиландтан 3 200-ден астам құқық қорғау қызметкері қатысқан.

Операцияға қатысушылар 138 мыңнан астам алаяқтық ісімен байланысты трансшекаралық қылмыстық желілердің қызметін тоқтатты.

Қаскөйлер жалған интернет-дүкендер, жалған бос жұмыс орындары және жалған инвестициялық жобалар арқылы алаяқтық схемаларын пайдаланған. Тергеу мәліметінше, жалпы шығын көлемі 752 млн доллардан асқан.

Гонконгта жасы 13 пен 83 аралығындағы 870 адам ұсталды. Олар 742 қылмыстық іске қатысы бар деп күдікке ілінді. Сонымен қатар құқық қорғаушылар шамамен 539 млн гонконг долларын (69 млн АҚШ доллары шамасында) қайтарып немесе бұғаттай алды.

Операция аясында заңсыз қаржы қозғалысына пайдаланылған 100 мыңнан астам банк шоты бұғатталды.

Гонконг полициясы ақшаны жылыстатумен күресу үшін, соның ішінде цифрлық активтер саудасы платформалары арқылы жасалатын операцияларға қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастық пен деректер алмасуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келетін шығын 20 млрд теңгеге жеткенін жаздық.