Атсәлім Идигов: Халықтың руханияты - жемісті ағашқа нәр беретін кәусәр бұлақ
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикасын, әлеуметтік саладағы келелі мәселелерді ойлай жүріп, халықтың рухани дамуын да естен шығарған емес. Ал руханият жеміс беретін ағаштың тамырына нәр беретін кәусәр бұлақ іспетті. Бұл Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Атсәлім Идиговтың пайымы, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
«Рухани нәрсіз кез келген этнос мәңгілік ел бола алмайды. Оған қазақ халқының көпғасырлық тарихы дәлел. Ұзақ уақыт бойы бабалар рухы жаужүрек көшпенді халықтың түрлі қиын-қыспақтан аман шығуына себепші болды. Мысалға Жоңғар шапқыншылығын келтіруге болады», дейді Атсәлім Идигов.
Жетісулық белді журналист Президенттің осыдан бірнеше жыл бұрынғы Ұлытау етегінде айтқан ой-толғамдарын еске алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың руханият, Ислам діні, патриотизм, халықтың бүгіні мен ертеңі туралы тағылымды сұхбатына тәнті болғанын жасырмайды.
Енді міне, сол жерде айтылған сөз жүзеге асырыла бастады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы соның айғағы. Мақаланың әр бөлімі бір төбе. Бірақ Атсәлім Идиговты руханияттың ажырамас бөлігі - тіл мәселесі ерекше тебіренткен.
"Тіл - халық жанының айнасы, ойының орамы, рухани құндылықтарының сандығы, этникалық бірегейлігінің көрсеткіші. Ал 130-дан астам этносы бар полиэтникалық Қазақстан қоғамы үшін тілдің алар орны өте биік. Біз бәріміз Қазақстан азаматы болғандықтан қазақ тілін білу парыз. Бұл Ата заңымызда да айтылған", - дейді ол.
Жетісу жеріндегі шешен ұлтының жігітбасы Атсәлім Идигов топ алдында қазақ тілінде қаймықпай сөйлейтінін мақтан тұтады.