Аттестациядан өте алмаған ішкі істер органы қызметкерлеріне қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылуы керек - ІІМ
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Аттестациядан өте алмаған ішкі істер органы қызметкерлеріне екінші рет қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылуы керек.
Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында талқыланған болатын.
Талқылау барысында ІІМ орынбасары Ерлік Кененбаев ішкі істер органдарының қызметкерлері барлығы бірдей кезектен тыс аттестациядан өте алмауы мүмкін екендігін айтқан болатын. «Бұның ішінде де негізінен ауқымы тар мамандықтар, криминалистер, дактилоскопистер, кинологтар бар. Олардың барлығы бірдей тестілеуден бірінші кезеңде-ақ өте алмауы мүмкін, ал қайта тапсыру қарастырылмаған. Негізі бұл мамандықтарға оқыту үшін мемлекет те аз шығынданған жоқ», - деді Е. Кененбаев. Оның айтуынша, кезектен тыс аттестациядан өткізуге қатысты аталған норма қарастырылған заң жобасында енгізілмесе, бұның өзі қызметкерлерді кемсітушілікке ұшыратады. «Қолданыстағы заңнамада аттестацияны қайта тапсыру көрініс тапқан. Бұл норма жаңа заң жобасында да қамтылуы керек», - дейді министрдің орынбасары.