Аттестациялау қорытындысы бойынша Қарағанды облысында қаржы полициясының 8 қызметкері жұмыстан шығарылады
ҚАРАҒАНДЫ. 25 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде (қаржы полициясы) қызметкерлердің кезектен тыс аттестациялануы аяқталды.
Оның қорытындылары туралы қаржы полициясы департаменті кадрлар бөлімінің бастығы Сергей Кудин хабарлады.
«Жоғары аттестаттау комиссиясы облыс департаментінің бастығы және оның үш орынбасарын аттестаттады. Орталық аттестаттау комиссиясы 14 қызметкерді аттестаттады - олар басқарма бастықтары, агенттік номенклатурасы бойынша өзіндік бөлімдердің бастықтары. Аймақтық аттестаттау комиссиясынан 194 қызметкер өтті. Олардың 8-і әңгімелесуден сосын өтеді, өйткені кейбірі емделуде болса, кейбіреуі іссапарға кеткен», - деп баяндады С.Кудин.
Баспасөз қызметінде атап өтілгендей, департаменттің 8 қызметкері аттестаттаудан өтпей, енді жұмыстан шығарылады, 22-нің қызметі төмендетіледі, 16 адам басқа қызметке ауыстырылады.
«Жұмыстан шығарылатын 8 адам негізінен инспекторлық құрамның қызметкерлері. Олардың жасы - 30-40 жас аралығында. Қаржы полициясындағы еңбек өтілі - 2 жылдан 10 жылға дейін. Себептер - жұмыстағы төмен көрсеткіштер, кейбір жерде жемқорлыққа жол берген қызметкерлердің де болуы мүмкін. Әңгімелесу барысында бұл мәселелер талқыланды және комиссия оларды жұмыстан босату туралы шешім қабылдады», - деп түсіндірді кадрлар бөлімінің бастығы.
Жезқазғанда жұмыс істейтін бір қызметкер керісінше кадрлық резервке қызметте жоғарылуы үшін ұсынылды. «Ол бұрыннан бері жұмыс істеуде, тәжірибесі жеткілікті», - деп атап өтті кадрлар бөлімінің бастығы.