Аттестаттау комиссиясының отырысына екі рет келмей қалған құқық қорғау қызметкері қызметінен босатылады

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Аттестаттау комиссиясының отырысына екі реттен астам келмей қалған құқық қорғау органының қызметкерлері бірден қызметінен босатылады.

 Аттестаттау комиссиясының отырысына екі рет келмей қалған құқық қорғау қызметкері қызметінен босатылады

Бұл туралы бүгін құқық қорғау органы қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау шарасына байланысты Астанада өткен семинар-тренинг барысында Астана қалалық Ішкі істер департаменті кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Алпысбай Ташмағамбетов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай шара құқық қорғау саласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оны ұйымдастырудағы мақсат - заманға сай құқық қорғау жүйесін қалыптастыруға қажетті кадрлық әлеуетті жасақтау.

«Осы ретте аттестаттау шарасы құқық қорғау саласын өз қызметіне салғырт қарайтын азаматтардан тазартып, бұл салада өз қызметін мінсіз атқаратын білікті мамандарды қалдыруға ықпал етеді деген үміт бар. Аттестаттаудан өту үшін тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу деңгейіне қатысты компьютерлік тестілеуден өтеді. Сондай-ақ онда қызметкердің логикалық ойлау жүйесі де сынға түседі. Бұған қоса тәртіп сақшыларының әскери және дене күшіне байланысты дайындық нормативтерін қаншалықты орындай алатыны белгілі болады»,-деді басқарма бастығының орынбасары.

Оның сөзінше, аттестаттау шарасы барысында құқық қорғау қызметкерінің психологиялық жағынан тұрақтылығы да тексеріледі. Полицейлер табельдік қарудың тактикалық және техникалық ерекшеліктерін білулері және қаруды мінсіз қолдана алуы қажет.  

«Қызметкерлердің нормативті актілерді білу деңгейі бойынша белгілі бір шек қойылған. Төменгі, яғни қатардағы қызметкерлер әр сынақтың кемінде 50 пайызына жауап беруі тиіс. Ал орта және жоғары деңгейдегі қызметкерлер 60 пайыздық межеден жоғары ұпай жинайды. Бұл ретте аттестаттаудан өтетін азамат сынаққа енгізілетін сауалдар тобының тек біреуінен өтпей қалатын болса, аттестаттау шарасының барлық талаптарын орындамаған болып шығады. Тестілеу шарасына 60 минут уақыт беріледі»,-деді А.Ташмағамбетов.

Оның мәліметтерді бойынша, аттестаттау талаптарын орындай алмаған қызметкерлерге екінші қайтара сынақтан өтуге рұқсат етіледі. Екінші сынақты 10 күннен кейін тапсыра беруге болады. Ал тестілеуден өте алмаған немесе нормативтерді екінші мәрте тапсыра алмаған қызметкерлерге қатысты аттестаттау комиссиясы «өз қызметіне сай емес, сондықтан қызметінен төмендетілсін», «өз қызметіне сай емес, сол себепті өзге қызметке ауыстырылсын» және «өз қызметіне сай емес, сондықтан құқық қорғау органдарынан босатылсын» деген сыңайдағы үш шешімнің бірін қабылдайды.

«Аттестаттау комиссиясының отырысына екі мәрте келмай қалған қызметкерлер жұмыстан босатылады. Құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген, бірақ қазіргі уақытта жүктілігіне байланысты демалыста жүрген қызметкерлер аттестаттауға жатпайды»,-деді басқарма бастығының орынбасары.