Аттестаттау құқық қорғау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттырары сөзсіз - Ш.Айтқалиев, БҚО

ОРАЛ. 26 сәуір. ҚазАқпарат -  Елбасы биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты 10 бағытын айқындап бергені белгілі.

Аттестаттау құқық қорғау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттырары сөзсіз - Ш.Айтқалиев, БҚО

Сол басым бағыттың бірі - сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту. Осыған орай құқық қорғау және арнаулы құрылымдарды сапалы кадрлық жаңартуға қатысты биылғы жылдың соңына дейін барлық жеке құрамды аттестаттаудан өткізу міндеттеліп отыр. Бұл жөнінде Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шадияр Айтқалиев өз ойын былайша білдірді.

Оның айтуынша, Елбасы Жарлығына сәй­кес кадр біліктілігін артты­ру барысында жеке құрам­ды жаңартып-жаңғыртуға қатысты әрбір құқық қор­ғау қызметкері психология­лық-моральдық тұрақты­лық­пен қатар, дене шы­­нық­тыру дайындығы, заң­намаларды, қызметтік ере­­желерді, ішкі істер министр­лігінің бұйрықтарын білуге, олар­ды кәсіби тұрғыда орындауға міндетті. Осыған орай Орал қалалық ішкі істер басқармасында алдағы ат­-
тестаттауға тыңғылықты дайындық жүргі­зілуде. Бас­қарма бойынша аттестат­тауға бала күтімі кезіндегі демалыстағы, шетелде қыз­мет бабымен оқу­дағы және еңбек жолы бір жылға толмаған қызметкер­лерден басқа түгел дерлік жеке құрам қатысады.

Аттестаттау өз кезегінде құқық қорғау қызмет­керлерінің сапасын арттырып, білімі мен кәсіби біліктілігін анықтайтын бо­лады. Құқық қорғау қыз­мет­кері биік адамгершілік пен кәсіби біліктілікті ұш­тастыра білсе, сыбайлас жемқорлыққа, тәртіп бұзушылыққа, қызмет бабын асыра пайдалануға жол бермесі анық.

Мемлекет басшысы «Па­рақорларды анықтау жә­не оларды сотқа тарту жеткіліксіз, сыбайлас жем­қорлықпен күрестің жа­ңа стратегиясын жасау - бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабы мен қажеттілігі. Сыбайлас жем­қорлықпен күрес бағытын­да жаңа құқықтық мүм­кіндіктерді кеңінен пайдалану керек» деген бола­тын. Сондай-ақ мемлекеттік қыз­меткерлердің кірістері ғана емес, шығыстарына да қатысты мағлұмдауға көшу керектігі туралы Үкіметке тапсырма берді. Осыған орай Орал қалалық ІІБ қызметкерлері арасында жеке құрамның кірістері мен меншігіне қатысты мағ­лұмдама алынды. Бұл - өз кезегінде сыбайлас жем­қорлыққа жол бермеу және оның алдын алудың бір тетігі.

«Аттестаттау, сайып келгенде, сандық көрсеткіш емес, жұмыс сапасы болып табылады. Қазақстан полициясының 20 жылдығы қарсаңында аттестаттау бі­ліктілігімізді бағалап қана қоймай, халықтың полиция қызметкерлеріне деген оң көзқарасын қалып­тастырып, халықаралық та­­лаптарға сай жаңа жүйе­ге көшетініне сенеміз», деді Ш.Айтқалиев.