Аттестаттау нәтижесінде қаржы полициясы органдарының жоғары басшылық құрамы 85 пайызға жаңарды - Р. Түсіпбеков

АСТАНА. 19 ақпан. ҚазАқпарат - Кезектен тыс аттестаттау нәтижесінде қаржы полициясы органдарының жоғары басшылық құрамы 85 пайызға жаңарды. «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков осылай мәлім етті.
None
None

«Шындығында да кезектен тыс аттестаттау біздің қызметкерлерді кәсіби, моральдық жарамдылық тұрғысынан тексеретін нағыз сынақтың өзі болды. Ал аттестаттау комиссиясының шешімімен 528 қызметкер өз лауазымына сай емес деп танылған болатын. Бұл жалпы қызметкерлердің 17,4 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, өзінің атестаттауға даярсыздығын, құзыретсіздігін сезінгендер әлгі шара басталмай тұрып-ақ оны өтуден бас тартып, жұмыстан еріктерімен кету туралы өтініштерін тапсырған болатын. Ал кезектен тыс аттестаттау нәтижесінде қаржы полициясы органдары жоғары басшылық құрамының 85 пайызы, ортаңғы басқарушы құрамының 27 пайызы, қатардағы қызметкерлердің 6,5 пайызы жаңарды. Аттестаттау нәтижесінде біз бір жағынан жауапсыз, өз ісіне ыждағатсыз қарайтын қызметкерлерден құтылсақ, екінші жағынан босаған басшылық лауазымдарға орналастыруға мүмкін болатын білікті мамандарды тауып, оларды кадрлық резервке алдық», - дейді Р. Түсіпбеков. Оның айтуынша, жалпы аттестаттаудан кейін қаржы полициясының 2 508 қызметкері немесе 82 пайызы өз қызметтеріне лайық деп танылды. Бұдан бөлек, олардың 267-і немесе 11 пайызы кадрлық резервке есепке алынды.

«Солардың жартысына жуығы қазірдің өзінде жоғары лауазымдарға тағайындалып отыр», - дейді төраға журналиске берген сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар