Атуға тыйым салудың нәтижесі: Жабайы аңдар көбейді - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда Шығыс Қазақстандағы терісі бағалы аңдардың саны 9000-ға көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атуға тыйым салудың нәтижесі: Жабайы аңдар көбейді - ШҚО

2016 жылдан бастап Шығыс Қазақстан аумағында көктем айларында аң атуға тыйым салынған болатын. Бұл шараның қаншалықты нәтиже бергенін білу үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы санақ жүргізген. Басқарма басшысының орынбасары Арман Есентаевтың айтуынша, санақ нәтижесі аңдардың біршама өскенін байқатып отыр.

«2014 жылмен салыстырғанда қоңыр аңның саны 25759-дан 27401 басқа, аюдың саны 2199-дан 2295-ке, қабандар 1375-тен 1811-ге, тауешкі 960-тан 1030-ға көбейді. Сонымен қатар, саңырау құрлар 19,8 пайызға артып, саны 4246-ға жетті», - дейді басқарма өкілі.

Арман Есентаев көктемде аң атуға тыйым салынуының арқасында терісі бағалы аңдардың азаюы тоқтағанын айтады. Бұлғын, күзен, сілеусін, суыр сияқты терісі қымбат аңдардың саны 2014 жылы 154872 болса, 2019 жылы 163874-ке жеткен.