Аты аңызға айналған теннисші Рафаэль Надаль Астанада шеберлік сыныптарын өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік теннисте аты аңызға айналған, жеке разрядтағы «Үлкен дулығаның» 14-ші турнирінің жеңімпазы, Олимпиада чемпионы Рафаэль Надаль 24-25 қыркүйекте Астанаға келеді, деп хабарлады Қазақстан Теннис федерациясының баспасөз қызметінен.
25 қыркүйекте сағат 19:00-де Астананың Ұлттық теннис орталығында Рафаэль Надальдың көрнекті матчы өтеді. Надальдың қарсыласы әлемнің ТОП-10 теннисшілер қатарына енген атақты француз теннисшісі Жо-Вильфрид Тсонга болмақ. Сапарды және жұлдызды ойынды Қазақстанның Теннис федерациясы ұйымдастыруда.
Танымал тениисшілердің сапары тек бұл матчпен ғана шектелмейді. Федерацияның баспасөз қызметі атап өткендей, Надаль мен Тсонга қазақстандық жас теннисшілер - «Team Kazakhstan» академиясының тәрбиеленушілерімен шеберлік сыныптарын өткізеді, Назарбаев университетінің және «Хейлибэри» халықаралық мектебінің білім алушыларымен әңгімелеседі. Қонақтар Астананың көрікті жерлерін аралайды. «Бұл сапар - жас теннисшілер үшін баға жетпес мүмкіндік, кәсіби теннисшілердің ізін қуып келе жатқан жастар тамаша ойынның куәсі болмақ. Аты аңызға айналған, әр ойыны - ерекше тартымды оқиғаларға толы спорт шебері көрермендеріне ерекше шабыт пен тәжірибе тарту етеді», - деп атап өтті федерация президенті Б.Өтемұратов.