«Атыңнан айналайын, қазақ қызы!» республикалық жыр мүшәйрасы жарияланды

Мүшәйра 2014 жылдың 13 қыркүйегінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтеді. Мүшәйраның мақсаты жаңа қазақстандық патриотизмді арттыру, қазақ қызы - ынтымақ пен бірліктің, ырыс пен берекенің негізі екендігін насихаттау, сұлулыққа іңкәрлікті насихаттау арқылы гуманистік көзқарасты дамыту, адами капиталды арттыру, қазақ қызына деген құрметті, жауапкершілікті көтеру, ұлттық мәдениет пен рухани құндылық мәртебесін арттыру, ұлт анасына, ұрпақ тәрбиешілеріне, ана-ұстаздарға, қыз-келіншектерге деген ілтипатты кеңінен насихаттау болып табылады. Мүшәйраның шартына сәйкес, оған 18 жастан асқан барлық жастағы ақындар қатыса алады. Кез келген ақынның екі өлең ұсынуға құқы бар. Оның біреуі міндетті түрде Қыздар университетінің 70 жылдығына арналуы керек. Ал екінші өлең қазақ қызының жиынтықталған бейнесіне арналып жазылуы тиіс. Мүшәйраға қатысушылар ұйымдастырушыларға екі жабықхат ұсынады. Оның біріне бүркеншік есіммен берілген ақынның өлеңдері салынады. Екіншісінде сол ақынның толықтай нақты аты-жөні, қысқаша өмірбаяны, шығармаларының дискідегі электронды нұсқасы қоса берілуі тиіс.
Шығармалар Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне 2014 жылдың 10 қыркүйегіне дейін қабылданады, деп хабарлайды ЖОО баспасөз қызметінен.