Атырау әкімі кәсіпкерлерді қаланың дамуына үлес қосуға шақырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлы бизнес орталығының өкілдеріне қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырау әкімі кәсіпкерлерді қаланың дамуына үлес қосуға шақырды

Атырауда қала әкімінің кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Іс-шара «сұрақ-жауап» форматында өтті, оған облыс орталығының 200-ге жуық кәсіпкері қатысты. 

Әлимұхаммед Құттұмұратұлына қойылған сауалдардың басым бөлігі кәсіпкерлік нысандарын салуға жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу, монополистерге қатысты мәселелерді шешу жайлы болды.

nullҚатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берген қала әкімі кәсіпкерлерге Атыраудың дамуы мен өркендеуіне үлес қосуды өтінді.

"Бүгінгі таңда қала 150 млрд теңгеге жуық жобаларды жүзеге асыруда. Барлық жобалар қала үшін өте маңызды. Жергілікті бюджеттен оларды жүзеге асыру үшін қаражат жетіспейтінін түсінеміз, сондықтан кәсіпкерлерді қаланың дамуына үлес қосуға және қаланы жақсартуға көмектесуге шақырамыз.

Мысалы, өткен жылы кәсіпкерлер көптеген спорт алаңдарын салған. Ақтөбенің кәсіпкерлері 1 млрд теңгеден астам сомаға объектілер салған. Құлсары қаласында жергілікті кәсіпкерлердің бірі 800 миллион теңгеге балабақша салып, оны қалаға сыйға тартты. Биылғы жылы бизнес өкілдері біздің Атырауды жақсартуға көмектескені жөн болар еді", - деген өтініш білдірді ол. 

nullҚала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлер қазіргі таңда елімізде көптеген жүзеге асып жатқан бағдарламаларға демеуші ретінде белсенді қатыса алады. "Туған жерге тағзым", «Жомарт жүрек». Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында қаланың дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік бар.

Әлимұхаммед Құттұмұратұлының айтуынша, 2019 жылы облыс орталығында 100 тұрғын үйді жабдықтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жаңа жобаның тұжырымдамасы әзірленуде. Оны жүзеге асыруда кәсіпкерлер белсенділік таныта алады.