Атырау әкімі коммуналдық қызметтердің қысқы дайындығын тексерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысының əкімі қаладағы коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасымен жəне қысқы, тасқын қаупі бар маусымға дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласының əкімі Серік Шапкеновтың айтуынша, қала көшелерін қардан тазалау жəне инертті материалдар төгу бойынша бірінші кезектегі міндеттер көрсетілген маршруттар дайындалған. Қар тазалау жұмыстарымен 420 жол қызметшісі, 78 бірлік техника айналысады.
Қала əкімі 2017-2018 жылғы күзгі-қысқы маусымға дайындық бойынша бекітілген жоспарға сəйкес жалпы ұзындығы 1,75 шақырым су құбырының апатты учаскесін жөндеу, жалпы ұзындығы 0,5 шақырым кəріз жүйесінің апатты учаскесін жөндеу, жалпы ұзындығы 1,1 км жылу желісінің апатты желісін жөндеу жұмыстары жасалғанын айтады.
Жылуэнергетикалық жабдықтар мен жылу желілері күзгі-қысқы маусымға дайын. Жауын суын айдау үшін тасқын қаупі бар кезде 15 бірлік вакуум автокөлік пайдаланылады.
«Біз жауын жəне тасқын суларын айдайтын коммуналдық қызметтердің арнайы техникаларын қолданамыз. Осының арқасында өткен күзгі-көктемгі кезеңде тасқынның алдын алуға мүмкіндік болды», - дейді Серік Шапкенов.
Биыл Атырау қаласында 240 км жолға асфальт төселді, оның басым бөлігі қала маңындағы селолық округтерге тиесілі. Қала əкімі қысқы маусымда жауын-шашын мөлшері шамадан көп болғанда жедел əрекет ету үшін қала əкімдігі əр селолық округке қар тазалайтын техника жалға алатын қаражат бөлінгенін айтады. Ол қала көшелерін қардан тез тазалауға мүмкіндік беру мақсатында коммуналдық қызметтермен бірлесе жұмыс істейді.
Нұрлан Ноғаев тексеру қортындысына сәйкес жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.