Атырау аспанын торлаған түтін ошағын іздеуге тікұшақ тартылды
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт ошағын анықтау мақсатында бүгін тікұшақ тартуға шешім қабылданды.
«Атырау қаласының аумағында түтін иісінің шығуына байланысты өрт ошақтарын анықтау үшін әуеден барлау жүргізуге «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-874 тікұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ бортында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған комиссия мүшелері бар. Олар тікұшақпен аэровизуалды зерделеу жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Бұдан бөлек, Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен өрт ошағын анықтауға 15 қызметкер мен 3 техника тартылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ауада тұрған түтіннің ошағы екі күннен бері анықталмай жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде түтіннің иісі 29 қаңтардан бастап сезілгенін айтуда. Ал бүгін, 31 қаңтарда түтіннің иісі қатты білініп тұр.
«Департаменттің жедел кезекшісі 30 қаңтарда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына телефон арқылы хабарласты. Алайда, резерват аумағында ешқандай өрт оқиғасы тіркелмегені белгілі болды. Ал «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның ғарыштық мониторингі арқылы әуеден барлау кезінде Атырау облысының аумағында өрт ошақтары анықталған жоқ. Облыстың барлық ауданында да өрт дерегі тіркелмеген», - деп хабарлаған еді департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Фото: Руслан Кумискалиев