Атырау-Астана бағыты бойынша тікелей жолаушылар теміржол қатынасын ашу қажет - сенатор Қ. Ищанов

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атырау-Астана бағыты бойынша тікелей жолаушылар теміржол қатынасын ашу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қайрат Ищанов осы мәселені көтерді.

Атырау-Астана бағыты бойынша тікелей жолаушылар теміржол қатынасын ашу қажет - сенатор Қ. Ищанов

«Атырау облысында мемлекеттік маңызы бар ірі мұнай және газ өнеркәсібі кәсіпорындары орналасқан, өңірде жергілікті тұрғындардан басқа Қазақстан Республикасының мыңдаған азаматтары вахталық әдіспен жұмыс істейді. Атырау облысының елдің өзге аймақтарынан алшақтығын ескерсек, бұл аймақтың және жалпы елдің дамуы үшін өзге аймақтармен қатынас жолдарының болуы өте маңызды саналады», деді сенатор. Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта, Атырау және Астана станцсыларының арасында тікелей жолаушылар поездары қатынамайды. Елордадан қатынас № 691 «Атырау-Ақтөбе» жолаушылар поезына 2 вагонды тіркеу арқылы жүргізіледі. Ол вагондар тақ күндері № 691 поезынан ажыратылып, Ақтөбе стансысында № 57/58 «Ақтөбе-Астана» жолаушылар поезына, ал жұп күндері Қандыағаш стансысында № 37/38 «Маңғыстау-Астана» поезына тіркеледі екен.

Және бұл вагондар Қандыағаш стансысында № 37/38 «Маңғыстау-Астана» қатынасындағы поезға тіркелу үшін 6 сағат 17 минут, ал кері бағытта № 692 «Ақтөбе-Атырау» поезына тіркелу үшін 2 сағат 41 минут тоқтап тұратын көрінеді.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының тіркелмелі вагондарды алып тастау туралы шешімі онсыз да алшақ орналасқан аудандардың оқшау қалуына әкеліп соқтырады және елдің өзге аймақтарымен қатынасына қосымша қиындықтар туғызады. Аймақ дамуының қатынас жолдарына тікелей тәуелді екенін ескерсек, қолданыстағы тіркелмелі вагондар қазіргі уақытта бұл бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдау көлемі бойынша қажеттіліктерді қанағаттандырмай отыр», деді сенатор.