Атырау-Астрахан автожолының 60 шақырымы дайын – ҚазАвтоЖол
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау мен Астраханды жалғайтын жолды жөндеу жұмысы 60 шақырымы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жаңа сайланған басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев «Атырау-Астрахан» автожолының қайта жөндеу барысын тексерді.
«Еліміздің даму деңгейі автожолдарға да тікелей байланысты. Мен де, әріптестерім де жүктелген жауапкершілікті толық түсінеміз. Біздің мақсат - жұмыс қарқынын арттырып, істі жоспарға сай орындау. Жолды пайдалануға қабылдау кезінде сапаға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, орынды сын мен ашық диалогқа дайын екенімізді айтқым келеді. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында Instagram және Facebook әлеуметтік желісінде келіп түскен пікірлер мен хаттарды жеке өзім оқимын», - деді компания басшысы Мейірхат Қасымбаев.
«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның ақпаратына сүйенсек, «Атырау –Астрахань» тасжолының республикалық маңызы бар және ол II санатқа жатады.
«Автожолдың жалпы ұзындығы - 277 шақырым. Жол бірнеше учаскеден тұрады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бүгінде жолдың 60 шақырымы дайын. Қалған учаскелерде жер төсемін төгу жұмысы жүріп жатыр. Жол-құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау-Астрахан жолындағы құрылыс жұмыстарының кешігу себебі айтылған еді.