Атырау әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі беріліп, ескерткіші қойылған
Хиуаз Қайырқызы 1922 жылдың 15 мамырында қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Зормата селолық кеңесінде дүниеге келген. Бұл бұрын Бөкей Ордасы, Приморье округі атанған.
1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мектепті алтын медальмен бітірген. Өжет қыз жергілікті аэроклубтан пилот куәлігін қоса алған. Мектепті бітірген соң Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына құжат тапсырған. Бірақ, оқуға түсе алмаған. Сол жыды И.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина институтына оқуға түскен. 1941 жылдың қазан айынан армия қатарына алынып, Саратов қаласында орналасқан авиамектепте штурмандар курсынан өткен.
Ол Е.Бершанская басқарған полкта штурман-атқыш ретінде 1942 жылдың мамыр айында майданға аттанады. Қазақтың ұшқыш қызы 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ал, 2004 жылы Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені берілген.
Қазір оның есімімен мұнайлы шаһардағы №18 орта мектеп пен Атырау халықаралық әуежайы аталады. Әуежай алдындағы алаңда ескерткіші, мектептің алдында бюсті қойылған.
«Хиуаз Доспанова өзінің бекзат болмысымен ұрпаққа үлгі бола білген тұлға. Сонау қырық бірдің қырғынында Хиуаз апамыз қатарлас жауынгерлердің алды болған. Мәселен, сол кездегі генерал Гречконы Сталинге тікұшақпен апарып-алып келу міндеті Хиуаз Доспановаға жүктелген екен. Осы жайттың өзі оның даралығын айқындап тұр», -дейді еңбек ардагері Қатимолла Ризуанов.
Ескерткіште Хиуаз Доспанованың соғысқа аттанар алдындағы бойжеткен кезі бейнеленген. Қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі – 2 м 30 см. Ескерткішті Қазақстанның мәдениет қайраткері, мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов жасаған.
«Ұшқыштың бейнесін сомдау үшін бірнеше нұсқаны қарастырдық. Ел ішінде оны «қыран қыз», «қанатты қыз» деп атаған ғой. Сол себептен, Хиуаз Доспанованың ұшақтан түсіп келе жатқан шағын таңдап алдық», ескерткіш авторы.