Атырау әуежайына сапасыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл салынды
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, қорытынды тексеру барысында жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер ететін бұзушылықтар белгілі болған.
«Атап айтқанда, жолаушылар лифтінің болмауы, жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету үшін шарттардың заңнамалық талаптарға сәйкес келмеуі анықталды. Сондай-ақ 2021-2022 жылдарға арналған түзету іс-қимылдары жоспарының орындалмау дерегі тіркелді», - деп жазды комитеттен.
Тексеру нәтижелері бойынша инспекторлық нұсқама жазылып, орындалу мерзімі 1 ай болатын анықталған ескертулерді жою жөніндегі іс-қимыл жоспары жасалды.
Алайда, анықталған ескертулер мерзімінде жойылмағандықтан, «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ инспекторлық нұсқаманы орындамағаны және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтамағаны үшін 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеуге тартылды.