Атырау автобустарында ерікті бақылаушылар мен құпия ревизорлар жүреді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау автобустарында ерікті бақылаушылар мен құпия ревизорлар тексеріс жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау автобустарында ерікті бақылаушылар мен құпия ревизорлар жүреді

«11 қазаннан бастап қоғамдық көлікте жүрудің дифференцияланған тарифі енгізіледі. Жұмадан бастап Атырау тұрғындары қолма-қол ақшамен 150 теңге, қолма-қол ақшасыз – 80 теңге төлейді. Бұл жолаушы тасымалын мөлдір етіп, көлеңкелі ақша айналымын жоюға септігін тигізеді. Осыған байланысты, «Smart Qala» ЖШС өкілдері волонтер ретінде қоғамдық көлікке жаңа төлем жүйесін сәтті енгізуге көмектеспек», - деп мәлімдеді Атырау қаласының әкімдігі.

Құпия ревизор болып қоғамдық көліктегі төлем жүйесін тексеремін деген тұрғындарға – есік ашық.

«Билетті қалаған кезде тексеруге болады. Тәртіп бұзылған жағдайды суретке немесе видеоға түсіріп алуға болады. Тіпті жолаушылардың билет алуын сырттай бақылап жүре беруге де болады», - дейді «Smart Qala» ЖШС өкілдері.

Бақылаушы боламын дегендерге тиісті куәлік және автобуста тегін жүру құқығы беріледі. Тексеріс жұмыстарының қорытындылары БАҚ және әлеуметтік желіде жарияланып отырады.