Атырау экологтары далаға ағып жатқан су мен топырақтан сынама алды

None
Фото: facebook.com/Доссор Жаналыктары
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында далаға лас су ағызған кәсіпорын анықталды. Экологтар далаға ағып жатқан су мен топырақтан сынама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы бойынша экология департаменті әлеуметтік желіде жүктелген видеоға байланысты тексеру жүргізді.

«Департамент мамандары «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің арнайы экономикалық аймақта орналасқан аумағынан пластикалық қара құбырдан аққанын анықтады. Кәсіпорынның су дайындау және ағынды суларды тазарту алаңының аумағы қаңылтырмен қоршалған. Алайда, арнайы экономикалық аймақтың аумағына шамамен 200 метр жерге дейін жалғаған пластикалық қара құбырдан белгісіз су жер бетіне төгіліп жатыр. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан аумақтан жердің астымен көмілген құбыр арқылы шамамен 3 шақырымдағы екі құдықтан белгісіз су жер бетіне төгілген. Далаға төгіліп жатқан судан және топырақтан сынамалар алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір су мен топырақтан алынған сынамаларға талдау жүргізу басталған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында далаға тағы да лас су төгіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Бұл туралы «AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин дабыл қақты.

Оның айтуынша, лас судың төгілген жері Мақат ауданында.

«KPI компаниясы мен оған мердігерлік қызмет көрсетуші компаниялар бұдан бұрын да, қазір де зауыттың артына экологиямызға зиянды қалдықтарды төгіп жүр. Бұл әрекеттері үшін бұрын жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта экологиямызға қайталама залалын келтіруде. Қаншама гектар жайылым жерді бүлдіріп жатыр», -дейді Ғазиз Ғабдуллин.


Соңғы жаңалықтар