Атырау қаласында жаңа мәдениет үйі ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - ҚР Конституциясы күніне орай Атыраудың Томарлы ауылында 400 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Атырау қаласында жаңа мәдениет үйі ашылды

Салтанатты рәсімге Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов қатысып, осындай нысандар ауыл тұрғындары рухани өмірінің орталығына айналатынын атап өтті.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Атырауда көптеген жұмыстар атқарылуда. Қалада жаңа музыкалық мектеп пен 6 балабақша, 3 мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау жоспарланып отыр. Олардың құрылысы келесі жылы қаржы бөлінгеннен кейін басталады. Жақын арада «Жұлдыз» шағынауданында 624 орындық жалпы білім беретін мектеп қолданысқа беріледі», - деді П.Хасанов. 

Айта кетелік, жаңа екіқабатты мәдениет үйінде кітапхана, оқу залы, мәжіліс залы және хореографиялық бөлмелер, кең концерт залы бар. Мәдени және бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Атырауда 2017-2020 жылдарға арналған қаланы дамыту жоспарының аясында 5 мәдениет үйінің құрылысы жоспарланған. Өткен жылы Жұмыскерде 200 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, осы жылы Томарлы ауылында мәдени орталықтың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Ақсай мен Атырау ауылдық округтерінде тағы екі мәдениет үйі есігін ашады. Қазіргі уақытта Еркінқала ауылдық округінде 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. 

null