«Атырау лото» ойын залының қызметін ұйымдастырған азамат 85 млн.теңгеден астам заңсыз табыс алған
АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Атырау лото» ойын залының қызметін ұйымдастырған азамат 85 млн.теңгеден астам заңсыз табыс алған.
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі (қаржы полициясы) Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, заңсыз ойын айналымының негізгі бөлігін ойын автоматтарының астыртын залдарын ұйымдастыру фактілері құрайды. Жылдың басынан қаржы полициясы органдарымен 129 осындай ойын залының қызметі әшкереленді»,- деді М. Жұманбай.
Оның сөзіне қарағанда, Атырау облысында жеке кәсіпкер Мұрзағалиев 2 жыл бас бостандығынан айырылды. «Атырау лото» ойын залының қызметін ұйымдастырған ол 85 млн.теңгеден астам заңсыз табыс алған. Шығыс-Қазақстан облысында Лигай есімді азамат 2 жылға шартты түрде жауапқа тартылды. Ол ұйымдастырған ойын автоматтары залында 250 мың теңгеден астам ақша және 16 ойын автоматы тәркіленді.
Ақтөбе облысында заңсыз ойын бизнесімен айналысып, 3,9 млн.теңге заңсыз табыс алған жеке кәсіпкер сотқа тапсырылды. Астыртын залын тексеру кезінде 18 ойын автоматы тәркіленді.