Атырау маңында көпірі бар айналма жол салынады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау маңында ауыр жүк көліктеріне арналған көпірі бар айналма жол салынады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Айналма жолдың жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайды. Оның бойында қазіргі жолдармен жалғасқан облыс орталығына шығатын 4 жол болады және Жайық өзені арқылы бір автомобиль көпірі салынады. Айналма жолдың құрылысы үшін бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Техника-экономикалық негіздеуді дайындау жұмыстары 2017 жылдың соңына дейін аяқталады. Айналма жолдың құрылысын қаржыландыру республикалық бюджеттен жүргізіледі, жол қолданысқа берілгеннен кейін ол республикалық маңызы бар жолдардың тізіліміне енгізіледі», - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев.
Жаңа жол облыс орталығынан Ақтөбе мен Оралға алып баратын Атырау-Астрахан тасжолындағы транзиттік көлікке жол ашады.