Атырау маңындағы ауыл тұрғындары облыс әкіміне проблемаларын айтты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының маңындағы ауыл тұрғындары облыс әкіміне проблемаларын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау маңындағы ауыл тұрғындары облыс әкіміне проблемаларын айтты

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Дамбы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Төрт мыңға жуық тұрғыны бар округке Дамбы және Амангелді ауылдары қарайды.

Облыс әкімі алдымен ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар өздері тұратын ауылдардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қозғады.

Мәселен, балық шаруашылығы саласының ардагері Санат Тілепбергеновтің айтуынша, ауылға амбулатория қажет.

«Дамбы дәрігерлік амбулаториясының бөлімшесі – Амангелді фельдшерлік-акушерлік пункті 1957 жылы салынған. Қазір бұл ғимарат тозып, емделуге келген тұрғындар үшін ыңғайсыздық туғызып отыр. Сол себептен, 15-20 орындық жаңа ғимарат қажет», -дейді Санат Тілепбергенов.

Округ әкімі Ұзақбай Байзуллиннің айтуынша, былтыр Дамбы–2 ауылындағы 7 көшеге 2,2 шақырым жол салынған.

Қазір округтегі 27 көшеге толық асфальт төселген. Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігімен 9 көшеге түнгі жарық жүргізілген.

Округтің тағы бір тұрғыны Света Өтеғалиева жеке кәсіп ашқысы келеді. Алайда, құжат жинаудың қиындығына тап болған.

Өзге тұрғындар Жайық өзенінің түбін тереңдету, балық өсіруді дамыту мәселелері шешімін тапқанын қалайды.

«Сіздер көтерген мәселенің бәрі ел әлеуетін арттыру үшін маңызды деп есептеймін. Кейбір мәселені өзіміз шешіп бере аламыз. Алайда, бірқатар мәселенің Үкімет деңгейінде шешілетінін ескеруіміз керек», -деді Махамбет Досмұхамбетов.