Атырау мектептерінде жұмыс дәптерін пайдалану міндеттелмейді

Жаңа оқу жылы басталғалы әлеуметтік желілерде мектеп басшылығының ата-аналардан бастауыш сынып оқушыларына оқулыққа қосымша жұмыс дәптерлерін сатып алуын міндеттеу туралы бірқатар шағымдар айтылды. Бұл сауалдарға қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмабек Абдолов жауап берді.
«Мектеп басшыларының ата-аналардан қосымша дәптерлерді талап етуі заңсыз болып табылады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шара қолданылады. Өздеріңізге белгілі әр оқулықтың салмағы ауыр, оған қосымша берілетін дәптер де ауыр. Екеуін қосып ұстайтын болса, балаға салмақ түсіреді. Дәптердің орнына қарапайым жұмыс дәптерін пайдалануға болады»,- дейді Алмабек Абдолов.
Айта кетейік, қазіргі таңда білім және ғылым минитрлігі денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, барлық оқулықтар, жұмыс дәптерлері және өзге де оқу құралдарын санитарлық нормаға сай келтіру жөнінде нақты стандарттар әзірлеп жатыр.