Атырау МӨЗ-да хош иісті көмірсутектер кешені 2014 жылдың екінші жарты жылдығында жұмыс жасай бастайды - МГМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау мұнай өңдеу зауытында (МӨЗ) хош иісті көмірсутектер кешені үшін барлық қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді, кәсіпорын 2014 жылдың екінші жарты жылдығында жұмыс жасай бастайды, деп хабарлады бүгін ҚР мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында.
Бұл туралы www.primeminister.kz сайтында хабарланды.
«Атыраудағы хош иісті көмірсутектер кешені бойынша - 2013 жылы негізгі технологиялық құрал-жабдық 100% жеткізілген, құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске қосу 2014 жылдың екінші жарты жылдығында күтілуде», - деді Ұ. Қарабалин. Ол сондай-ақ 2016 жылы жүзеге асырылуы тиіс жоба Атырау МӨЗ-да мұнайды терең қайта өңдеу кешені бойынша қазіргі уақытта «Синопек инжиниринг» (ҚХР), «Марубени» (Жапония) және «ҚазСтройСервис» құрамындағы консорциум келісім-шарт бойынша жұмыс жасай бастағанын хабарлады. МГМ мәліметінше, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңарту жобасы бойынша Rominserv компаниясымен жұмыстардың бірінші кезеңіне келісім-шарт жасалған, жобаны қаржыландыруды ұйымдастыру жалғасуда. Шымкент МӨЗ бойынша жобаны жедел жүзеге асыру стратегиясы мақұлданды, бас мердігерді таңдау және қаржыландыру схемасы бойынша шешім қабылданды, сондай-ақ құрылыс жұмыстары басталды. «Қазақстандық үш МӨЗ-ді жаңарту процесі 2016 жылы аяқталады. Нәтижесінде 2017-2022 жылдары республика Евро-4 және Евро-5 стандарттары бойынша бензинмен, дизель отынымен және авиакеросинмен толықтай қамтылады», - деп толықтырды Ұ. Қарабалин. Павлодар мұнай-химия зауытын (ПМХЗ) және Шымкент МӨЗ-ді жаңартудың техникалық жобаларын әзірлеуге келісім-шарттарды Technip SA француз компаниясы орындады.