Атырау мұнай-газ институтына Сәфи Өтебаевтың атын беру орынды - сенатор Л.Қиынов
«Елбасы Н. Назарбаев Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру міндетін алға қойып отырған бүгінгі таңда еңбек адамының қадір-қасиетін арттыру, олардың арасында жүзден-жүйрек, мыңнан тұлпар шыққандарды ардақтау әрі маңызды, әрі қажетті», -деген депутат ел тарихында зор құрметке лайық тұлғалардың бірі Сафи Өтебаев екенін алға тартты.
1931 жылы Баку мұнай институтына түсіп, оны үздік бітірген, Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіби мұнайшы атанған Сәфи Өтебаев еліміздің өнеркәсібінде өшпес із қалдырған. Жас күнінде Ембі, Доссор, Мақат кен орындарын игерген, Маңғыстаудың мұнайын өндіруді алғаш бастаған С. Өтебаев Қазақстанда түрлі лауазымда қызмет атқарып, ел экономикасының өркендеуіне, әсіресе мұнай байлығын игеруге ересен еңбек сіңірген тұлға.
С. Өтебаевтың тікелей қол астында жұмыс істеген, тәрбиесін көргендер арасында Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Саламат Мұқашев, Мақаш Балғымбаев секілді елімізге белгілі тұлғалар көп болды.
«Ел алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, С. Өтебаев «Құрмет белгісі» орденімен, Отан орденімен, Бірінші дәрежелі Барыс орденімен, Ленин орденімен, Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Көзі тірісінде-ақ «қазақ мұнайының атасы» атанған ардақты тұлғаның, еңбекқорлық, жауаптылық пен кісіліктің, кішілік пен тазалықтың үлгісіне айналған адамның есімін ел есінде мәңгі қалдырғанымыз жөн. Осыған орай, Атырау мұнай-газ институына ұлттық өнеркәсіп кадрларын дайындау ісіне өлшеусіз үлес қосқан С. Өтебаевтың есімін беру қай жағынан қарасақ та орынды», - деді Ляззат Қиынов.
Тоқтала кететін жайт, қазақ мұнайының атасы Сәфи Өтебаев туралы естеліктер де жоқ емес. Мәселен, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев осынау асыл азамат туралы былай деп жазады: «Қиян түкпір Маңғыстауда қалған балғын бала кезімде есімі ең көп естіген адамым еді. Ол маған ұшқыш Чкаловтай, поляршы Попаниндей, комбат Бауыржан Момышұлындай, геолог Қаныш Сәтбаевтай, арман арихипелагының ақиық тұрғынындай болып елестейтін. Өйткені, ол қазақ жерінен таяуда ғана табылып, нәпақасы қазақ аузына енді-енді тие бастаған ең жаңа ырзық - ұлттың мұнай өнеркәсібінің ізашары, көшбастары еді».