Атырау мұнай өңдеу зауыты ластаушы заттарды нормадан артық шығарғаны дәлелденді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауыты ластаушы заттарды нормадан артық шығарған. Бұл облыстық экология департаменті мамандарының жоспардан тыс тексеруі кезінде дәлелденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «АМӨЗ» ЖШС-нің стационарлық көздерінің өнеркәсіптік шығарындыларынан, сондай-ақ, талдау жүргізу мақсатында «Тухлая балка» булану алаңына төгілетін сарқынды сулардан сынамалар алынған.

«Тексеру нәтижесімен төмендегі деректер анықталды. Біріншіден, «АМӨЗ» ЖШС-нің №3 және №4 қазандығынан ластаушы заттардың шектеулі рауалды шығарындыларының асу деректері орын алды. Атап айтқанда, №3 қазандықтағы көміртегі тотығының нақты көрсеткіші 9,265 г/с құрады. Шекті рауалды шығарынды нормасынан 0,291 г/с артық. Ал, №4 қазандықтағы азот тотығы 0,0732 г/с, азот қостотығының нақты көрсеткіші 0,4509 г/с артық шығарылған.

Екіншіден, зауыт аумағында орналасқан №1 газ тарату шкафынан 0,000299 тонна, №2 газ тарату шкафынан 0,000303 тонна газ шығарылғаны анықталды. Үшіншіден, 2022 жылдың 27 наурызында компрессорды реттеудің компрессорға қарсы жүйесін бұғаттаудың іске қосылуына байланысты каталитикалық крекинг қондырғысының компрессоры тоқтатылғаны белгілі болды. Осыған орай апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында каталитикалық крекинг қондырғысында алауда газды жағу жүзеге асырылған.

Жағылған газдың көлемі 4 347 нм3 құраған.

Төртңншңден, биылғы жылдың 1 қаңтары мен 30 сәуірі аралығында зауытта қоршаған ортаға эмиссияларды шығарумен байланысты сүйемелденетін технологиялық қондырғылардың (блоктардың, секциялардың және т.б.) тоқтатылғаны анықталды.

«АМӨЗ» ЖШС-нің 2022 жылға арналған жоспарлы-алдын ала жөндеудің кестесімен бекітілмеген жоғарыдағы тоқтаулар кезіндегі қоршаған ортаға шығарылған эмиссиялар шекті рауалды шығарындылар жобасында нормаланбаған. Соған сәйкес экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырылған. Қазір «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты жоғарыда көрсетілген заңбұзушылық деректері бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328-бабы бойынша әкімшілік істер қозғалып, 62 194 219 теңгеге әкімшілік айыппұлдар салу туралы қаулылар қабылданды. Қаулылар заңды күшіне енген жоқ», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, экология департаментіне «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалынан сынақ хаттамасы түскен.

«Сынақ хаттамасына сәйкес, «АМӨЗ» ЖШС-нің санитарлық-қорғаныш аймағының шығыс бөлігінен атмосфералық ауаның сынамалары алынған. Талдау нәтижесінде көмірсутек бойынша рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқаны (нақты көрсеткіш 3,3 мг/м3 құраған, РЕШШ нормасы 1,0 мг/м3) анықталды. Бұл – ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы №168 бұйрығымен бекітілген «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» санитарлық-гигиеналық талаптарын бұзу. Атмосфералық ауа сынамаларын алу кезінде желдің бағыты оңтүстік-батыстан, яғни «АМӨЗ» ЖШС орналасқан бағыттан соққаны анықталды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуына байланысты «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты заң шеңберінде көзделген шараларды қабылдау үшін Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті құжаттар жолданды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауыты ластаушы заттарды ауаға нормадан көп шығарғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар
telegram