Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы ауа мен ағынды судың сапасы тексерілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мониторинг тобы мұнай өңдеу зауытының маңында ауа мен ағынды су сапасына тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг тобының мүшелері 7 сәуірде ауаның және тазартылған ағынды сулардың сапасын тексеру мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытына келді.

Топ құрамында облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының басшысы Галина Чернова, Атырау облысының арнайы мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков, республикалық атмосфералық ауаны қорғау ғылыми зерттеу орталығының өкілдері Е.Дүсіпов пен Ж.Дүйсенбаева, «Қазгидромет» РМК өкілдері Ж.Жанғалиева мен А.Бисенбаева, сондай-ақ экология департаменті басшысының орынбасары С.Тілегенов бар.

«Жағымсыз иістің ошағы саналатын авариялық ашық қамба маңынан күкіртті сутегі, азот диоксиді және күкірт диоксидінің құрамы бойынша атмосфералық ауа сынамасы алынды. Облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллиннің жеке газ сараптағышы, сондай-ақ «Қазгидромет» РМК және АМӨЗ-дің санитарлық өндірістік лабораториясының аспаптары ауадағы күкіртті сутегінің құрамы бір текше метрге 0,00 мг екенін анықтады. Ауа құрамынан азот диоксиді де табылған жоқ. Күкірт диоксиді текше метрге 0,70 мг мөлшерінде тіркелді. Бұл көрсеткіш жұмыс аймағында шекті рұқсат етілген концентрациядан бірнеше есе аз», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Сондай-ақ, газ сараптағыш аспаптар биологиялық-тазарту қондырғыларының маңында ауа құрамында 0,2 мг күкіртті сутегі барын, яғни 10 мг құрайтын жұмыс аймағында шекті рұқсат етілген концентрациядан бірнеше есе аз екенін көрсеткен.

Биологиялық тазартудан кейінгі ағынды сулардан алынған сынама көрсеткіштері шекті норманы аспаған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауадағы күкіртті сутегі шекті нормадан 20 есе артқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар