Атырау мұнай өңдеу зауытында көмірсутегін өндіру кешенінің құрылысы басталды

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Атырау мұнай өңдеу зауытында хошиісті көмірсутегін өндіру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы  ҚР Мұнай және газ министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Pm.kz сайтынан хабарланады.

Атырау мұнай өңдеу зауытында көмірсутегін өндіру кешенінің құрылысы басталды

«Құрылыс алаңдарында қада қағу, іргетас негізін қалау, іргетасқа гидроизоляция жасау және бетондау сияқты жалпықұрылыстық жұмыстар жүргізілуде», - делінген ведомство хабаорламасында.

Сонымен қатар, өндіруші зауыттарға қондырғылар, оның ішінде реакторлық аппараттар, компрессорлар мен ксилол рециклі колоннасын  жеткізуге тапсырыс берген.

Қазіргі кезде 948 бірлік қондырғы сатып алуға келісім жасалған. Жалпы, барлығы 1138 бірлік әртүрлі қондырғы сатылып алынбақшы.

Хошиісті көмірсутегін өндіретін кешеннің құрылысы бензол мен параксилолдың қосылған құны жоғары өнімін алуды жолға қоюға, технологиялық қуатты қайта құруға мүмкіндік береді, Қазақстанды сапалы мотор отынымен және мұнай химиясы шикізатымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ мұнай өнімдері экспортының сапасын жақсартады. Жобаны 2013 жылы аяқтау жоспарланып отыр.