Атырау мұнай өңдеу зауытында зиянды заттар шығарындыларының 277 көзі бар

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытында зиянды заттар шығарындыларының 277 көзі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Атырау облысына келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті.

«АМӨЗ» ЖШС нысандары Атырау қаласының шегінде орналасқан. Атмосфераға шығарындылар қала тұрғындары тарапынан шағымды тудырып отыр. Жыл сайын АМӨЗ атмосфераға 10 мың тоннадан астам ластаушы заттарды шығарады. Зауытта атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының 277 көзі бар. Осыған байланысты талдау жүргізу, зиянды заттардың санын азайту, мұнай құю эстакадаларын буларды рекуперациялау қондырғыларымен жарақтандыру қажет», - деп мәлім етті Серікқали Брекешев.

Министр Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне «АМӨЗ» ЖШС-нің жобалық материалдарына экологиялық сараптама жүргізу кезінде ластаушы заттардың шығарындыларын азайту жөніндегі іс-шараларды қосып, іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«2019 жылы жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша мұнай өнімдері бар тазартылған сарқынды суларды ағызу дерегі анықталды. Айыппұл санкцияларының жалпы сомасы 70 млн теңгеден асты. Осындай жағдай 2021 жылдың соңында да орын алып, айыппұл сомасы 29 млн теңгеден асты. «АМӨЗ» ЖШС тиісті өндірістік экологиялық бақылауды қамтамасыз етіп, нормативтен тыс эмиссияларға жол бермеуі қажет. «Тухлая балка» булану алаңын рекультивациялауды, сондай-ақ, ағызу каналын рекультивациялау, механикалық және биологиялық тазарту құрылыстарының қондырғыларын қайта жаңарту жұмыстарын жеделдетуі қажет», -деді Серікқали Брекешев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында суалған өзендер мәселесі қалай шешілетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар