Атырау мұнай және газ университетінің студенттері ҚМГ кәсіпорындарында тәжірибеден өтеді
Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова мен университеттің профессор-оқытушы құрамы, ҚМГ еншілес ұйымдарының басшылары қатысты.
Кездесуде ҚМГ мен Атырау мұнай және газ университеті арасында ғылыми-академиялық бағытты дамытуға қатысты ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Аталмыш құжатта кадр дайындау, студенттердің өнеркәсіп нысандарында өндірістік тәжірибеден өтуі, студенттерге инженерлік-техникалық мамандардың ментор болуы, факультеттердің зертханалық және тәжірибелік-конструкторлық инфрақұрылымын дамыту бойынша компания мен жоғары оқу орны арасында тығыз байланыс орнату мәселелері көрініс тапты.
Сонымен қатар кездесуде университеттің «ҚМГ Инжиниринг» компаниясымен ынтымақтастығының перспективалары талқыланды. «ҚМГ Инжиниринг» ғылыми зерттеу жүргізу құралдарын пайдалана отырып, мұнай-газ саласының тұтас кешені бойынша өндірістік-техникалық талдау жасайды.
Бұдан бөлек, тараптар ғылыми зерттеулерді кен орындарда сынақтан өткізу, сондай-ақ ғылыми кадрларды ҚМГ-нің еншілес кәсіпорындарында өндірістің қолданбалы міндеттерін шешу процесіне тарту мәселелерін де қозғады.
«Бүгінде Атырау мұнай және газ университеті — салалық білім берудің флагманы, Атырау облысының ғана емес, басқа да өңірлердің өнеркәсіп кәсіпорындарына кадр дайындайтын ұстахана. Ұлттық компания ретіндегі міндетіміз — теория жағынан жақсы дайындалған ғана емес, сонымен қатар өндіріс орындарында тәжірибе алған білікті мамандарды даярлауға қолдау көрсету. Біз бұл бағытта ынтымақтастық орнатуға ашықпыз. Қол қойылған Меморандум бұл қызметке жаңа серпін беретініне сенімдімін», — деді ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев.