Атырау музейінде Абай ұстаған үш ішекті домбыраның көшірмесі тұр

None
Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау музейінде Абай ұстаған үш ішекті домбыраның көшірмесі тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Абайдың туған күніне орай іс-шарада көне жәдігерлер топтамасын ұсынды. Оның ішінде XIX-XX ғасырларда қолданылған ағаш және тері ыдыстар, ат әбзелдерінің жиынтығы бар.

Жұртшылықты қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұтынған бұйымдары ерекше қызықтырады. Қазір музейде ақынның үш ішекті домбырасы мен тоғызқұмалақ тақтасының көшірмелері тұр. Тоғызқұмалақ тақтасын салатын дорбасы бар. Дорба былғарыдан тігілген.

Үш ішекті домбыраның Шанағы сопақша, шырша ағашынан жасалған бет қақпағында үш тесігі бар. Оның шанағы балқарағайдан ойылып жасалған. Жалпақ мойынының өлшемі – 75х12 см, үш құлағы бар.

Ал тоғызқұмалақ тақтасы үш бөлек тақтайды бір-біріне жалғау арқылы жасалған. Екі жағындағы тақтайдың әрқайсысында 9 отау бар. Ал ортасындағы тақтайда сопақша пішінде иректелген гүл тәрізді екі қазан ойылған. Тақтайдың беті қоңыр, екі қазанның бірі көк, екіншісі қызғылт қоңыр түспен боялған. Отауларға ақ, көк, қоңыр секілді бірнеше түсті бояу жағылған.

«Ақынның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау мақсатында 2020 жылы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейімен келісім жасалған еді. Сол жылы ақынның жеке тұтынған үш ішекті домбырасы мен тоғызқұмалақ тақтасының көшірмесі жасалып, ғылыми қорға қабылданған. Үш ішекті домбыраның қоңыр үні құлаққа жағымды естіледі. Бұл домбыраны кезінде Абайдың өзі және ұлы Ақылбай жиі тартқан. Ал ұлттық ойын тоғызқұмалақты шәкірттерімен бірге, екі-үш күнге дейін ойнайтын болған. Ойынды жақсы көргені сонша, қарсыласын жеңбей тынбайды екен», - деп хабарлады музей қызметкерлері.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулықтар Абай күнінде тарихи тұлғалар шеруіне куә болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар