Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Археология» залы ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Археология» экспозиция залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Археология» залы ашылды

Музей директоры Рашида Харипованың айтуынша, Атырау өңірінде бірнеше қорғанда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. «Археология» экспозициялық залына Аралтөбе, Миялы, Борсық, Қылыш, Сарықамыс, Иманқара, Құдайберген қорғандарынан табылған біздің заманымызға дейінгі IV ғасыр мен біздің заманымыздағы XI ғасыр аралығындағы көшпелі тайпалардың тарихы мен мәдениетін, өркениеті мен жетістіктерін насихаттайтын жәдігерлер қойылған.

«Экспозиция залында жұртшылық назарына ұсыну үшін музей қорында тіркелген 505 жәдігер қойылды. Оның 485-сі негізгі қордан, 20-сы қосымша қордан алынды. Бұл залда 1999 жылы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғандар кешенінен табылған «Сармат көсемі» атауы берілген «Алтын адамды», 2017 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанынан қазып алынған «Ұлы дала жауһары» аталатын алтын киімді әйелдің реконструкциясын, Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерін, 2020 жылы Миялы (Жангелді) қорғанынан табылған күміс әшекейлі қыз бен жылқы жүгенінің әшекейлі күміс жапсырмалары, Аралтөбе қорғанының макеті бар», -дейді Рашида Харипова.

Сондай-ақ, қазба жұмыстары кезінде Аралтөбе, Иманқара қорғандарынан табылған семсерлер мен ақинақтар, моншақтар мен қайрақтастар, Миялы, Сарықамыс қорғандарынан табылған қыш құмыралар мен ыдыстар, сүйек қасық, алтын (көшірме), күміс жапсырма әшекей бұйымдарын, Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарынан табылған қоладан құйылған төрт құлақты қазандар мен қола айналарды, Қосшағыл маңындағы Қызыл-Үйіктен табылған IV-V ғасырларға жататын бал-бал тастарды тамашалауға болады.

Қоладан жасалған арқар бейнеленген белдік басы, сүйектен қашалған ине сауыт, қола айылбас, қорамсақты әшекейленген жапсырмалар, тостаған, қыш көзе, сүйек қасық, қайыңнан жасалған қалқан, аң, құс бейнелі және пирамида тәріздес алтын жапсырмаларды (72% алтын), Сармат көсемі мен Сармат дәуіріндегі әйел адамның қалпына келтірілген бейнесі бар.

«Экспозициялық зал бұған дейін киім үлгілері ғана жасалып жүрген ғұн жауынгерінің тұтастай темірден жасалған сауытымен толығып отыр. Тарихи мұраларды қайта жаңғырту ісінде ғалым Қалиолла Ахметжановтың ерекше еңбек сіңіргенін атап өткеніміз жөн. ​ Атырау өңірінен әлі де қызықты жәдігерлер табылады деген сенім бар», -дейді «Тархан» тарихи реконструкциалар орталығы» шығармашылық тобының менеджері Алау Ахметжанов.