Атырау облысы мемлекеттік бюджетке 559 млрд теңге аударды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың 5 айында Атырау облысы мемлекеттік бюджетке 559 млрд теңге салық аударды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы мемлекеттік бюджетке 559 млрд теңге аударды

«2021 жылдың 5 айында мемлекеттік бюджетке 559 млрд теңге, оның ішінде, республикалық бюджетке 384 млрд теңге салық аударылды. Бұның сыртында, Ұлттық қорға 357 млрд теңге түсті. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн 15 млрд теңгені құрады. Жалпы 2021 жылға болжам - 3,8 трлн теңге», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Оның дерегінше, 5 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,2 трлн теңгені құрады. Облыстың республиканың өнеркәсібіндегі үлес салмағы – 22,7 пайыз.

«19,5 млн тонна мұнай және 10,2 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндірілді. Биыл Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 837 млрд теңге болатын 5 жобаны жүзеге асырып, 560 жұмыс орнын ашу жоспарлануда», - деді облыс әкімі.