Атырау облысы: Сыртқа аққан мұнай ұңғымаларын әкімдік өзі бітеуге мәжбүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіпкерлерді адалдыққа шақырды.

Атырау облысы: Сыртқа аққан мұнай ұңғымаларын әкімдік өзі бітеуге мәжбүр

Бұл туралы Атырау өңірінің басшысы 20 желтоқсанда өткен жұмыс отырысы барысында айтты. Кеңесте  облыстың экологиялық жағдайы, соның ішінде қараусыз қалған мұнай ұңғымалары мәселесі сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Аймақта жер қойнауын пайдаланып отырған кәсіпкер өз ісіне адал болуы керек. Ең бастысы, халыққа пайдасын тигізу бағытында жұмыс істеуі қажет", - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін  Атырау облысындағы "Күмісбек" кен орнындағы екі ұңғымадан мұнай төгіліп, табиғатқа зиян келіп жатқаны айтылған еді. Кен орнын қытайлық үлесі бар "Көлжан ойл" компаниясы пайдаланып келген. Алайда жыл басында фирмамен келісімшарт мерзімі аяқталып, компания ұңғымаларын қараусыз тастап кеткен.

"Күмісбектегі" қараусыз қалған ұңғымаларды өз ақшамызға бітеуге мәжбүр болдық. Ал бұған жауапты тұлғалар байланысқа шықпай отыр.  Бұл, түптеп келгенде, олардың халық алдындағы жауапкершілігінің жоқтығы.  Себебі, бұл - халықтың жері", - деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы  қарамағындағыларға ұңғыма айналасын тазартып, топырақ қабатын қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысуды тапсырды.

Айта кетелік, 2002-2009 жылдар аралығында Атырау облысы әкімдігі өз күшімен қараусыз қалған 48 гидрогеологиялық ұңғыманы бекіткен. Қазіргі қараусыз қалған қауіпті мұнай ұңғымаларын анықтап, соларды тығындау бағытында жұмыстар жүріп жатыр.