Атырау облысы тұрғындарының 36 пайызы спортпен шұғылданады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы тұрғындарының 36 пайызы спортпен шұғылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, Тәуелсіздік жылдары дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Қазір Қазақстан әлемдік спортта өзгелер санасатын мемлекеттердің біріне айналды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халыққа спортпен тұрақты айналысатындай жағдай жасалуын тапсырған болатын. Атырау облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің саны жыл санап артып келеді. Қазір облыс тұрғындарының 36 проценті спортпен шұғылданады. Биылғы жыл табысқа толы болды. Паралимпиада ойындарындағы үш күміс жүлде – керемет жетістік. Мұның барлығы салаға жасалған жағдай мен табанды жаттығулар, ерік-жігердің жемісі. Біз жеңімпаз ұландарымызды әрдайым мақтан тұтамыз», -деді Махамбет Досмұхамбетов.

«Sports awards – 2021» салтанатты іс-шарасында параволейболшы Бауыржан Сартаевқа 2 бөлмелі пәтер кілті табысталды. Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин марапатталды. Бірнеше спортшы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медаліне, облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Сондай-ақ, балуан Сырбаз Талғат пен кикбоксинг шебері Нұрсұлтан Жұмабаев «Жыл спортшысы» атанды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында «Цифрлы ұстаз» байқауының жеңімпаздары анықталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар