Атырау облысында 1,5 мыңға жуық адамды ит тістеген
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 2016 жылы Атырау облысында жануарлардың тістегенінен 1494 адам зардап шекті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің 88,9%-ы ит, 8,1%-ы - мысық, 1,7%-ы - ірі қара мал, 0,3%-ы - жабайы аң тістегендер. 2016 жылы Атырауда 9 382 қаңғыбас иттер ұсталып, көзі жойылды.
«Осы мақсатқа қалалық бюджет есебінен 2016 жылы 27,6 млн теңге бөлінді. Биылғы жылы бұл сома 27 млн теңгеге дейін қысқарды. Жылдың басынан бері 154 қаңғыбас иттің көзі жойылды. Қаңғыбас жануарлар қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіруде», - деп айтты Атырау әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев.
Тұрғындар асырайтын әрбір ит екпе салынып, ветеринарлық клиникаға тіркелуі қажет. Бұл талаптар орындалмаса, ит иесіне ҚР ӘҚБК-ның 408-бабы «Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» бойынша 3 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді.