Атырау облысында 102 жастағы екі қария саяси таңдауын жасады

Құрманғазы ауданындағы Бұзауслан елді мекенінің тұрғыны Шәміл Өміржанова биылғы сәуірде 102 жасқа толған. Бүгін ол өз үйінде дауыс берді.
Оған №172 учаскелік комиссиясының мүшелері референдум бюллетені мен жәшігін әкелді.
Шәміл әже өзі тұратын аудандағы Ботақан елді мекенінде 1920 жылы дүниеге келген. Ол 1940 жылы 20 жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуі екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда, бір ұл, бір қызымен қалған. Ал, 1942 жылы «қара қағаз» келіп, жесір қалған. Тағдырдың қиындығына мойымаған ол теміржол құрылысында еңбек еткен.
Күйеуі соғыстан оралмаған соң анасының рұқсатымен екінші рет тұрмысқа шыққан. Сөйтіп, 7 баланы өмірге әкелген.
Келіні Мәрия Өміржанованың айтуынша, қазір ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған кейуананың көзі 20 жылдан бері көрмейді. Бірақ, құлағы естиді, немерелеріне ақылын айтып отырады.
«Біздің өміріміз қиындықпен өтті ғой. Енді сондай қиындыққа жас ұрпақ ұрынбаса екен. Көзім көрмесе де еліміздің жағдайы жақсарып жатқанын естіп отырамын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, шаңырақтар шайқалмасын», -деді Шәміл Өміржанова.
Ал, Абдолла Абдрахманов Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұрады. Биыл жасы 102-ге келген.
Мұнай ұңғымаларын бұрғылау операторы болып жұмыс істеген. 1948 жылы жала жабылып, ұзақ жылға сотталған.
Қуғын-сүргін құрбаны болған қария Құлсары қаласындағы №258 учаскеде тіркелген. Учаскелік комиссия мүшелері қарияның үйіне референдум бюллетені мен жәшігін алып келді.
«Еліміз тәуелсіздік алғанда қуанған қазақтың бірімін. Біз көрген қиындықтың бәрі артта қалды. Қазақ елінің өркендей бергенін қалаймын. Конституцияға енгізілетін өзгерістер жарқын күндердің бастауы болсын!», -деді Абдолла Абдрахманов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында әскерден бүгін оралған 4 жігіт бірден дауыс беруге келгенін, ал, Теңіз кен орнында дауыс беруге 10 мыңға жуық адамнан өтініш түскенін жазған болатынбыз.