Атырау облысында 107 мектеп түлегіне әкімнің білім гранты берілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің білім гранты 107 түлекке берілді. Енді олар жоғары оқу орнында тегін білім алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен білім беру грантын бөлу жөнінде конкурстық комиссияның отырысы өтті. Онда облыс әкімінің білім грантына өтініш берген үміткерлер тізімі қаралды.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранты бөлініп отыр. Биыл конкурсқа қатысуға 231 талапкер өтініш берген.

«Биыл облыс әкімінің білім гранты 107 түлекке берілді. Әкім грантын иеленген түлектердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Оның ішінде 32 түлек М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне, 19 түлек С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсті. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алуға 5 жас оқу грантын ұтып алды. Ал, 9 түлек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде, 40 түлек Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде, 1 түлек М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, тағы біреуі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқитын болды», - дейді Айнагүл Дүйсекенова.

Еске сала кетелік, бұған дейін ҰБТ-да 132 балл жинаған атыраулық түлек Оңтүстік Корея университетіне оқуға түскенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram