Атырау облысында 15 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 6 жасқа дейінгі 14 809 бала балабақша кезегінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуахасова мәліметінше, өңірде мектепке дейінгі 319 мекеме жұмыс істейді.

Онда 42 895 бала тәрбиеленіп жатыр.

«Қазір 252 мемлекеттік мекеме бар. Бұл – 151 балабақша, 101 шағын орталық. Бұған қоса жеке иеліктегі 67 балабақшада мектепке дейінгі тәрбие беріледі. Бірақ, 1-6 жас аралығындағы балаларға орын жетіспейді. Балабақша кезегінде 6 жасқа дейінгі 14 809 бала тұр. Бұл – көп жылдан бері шешілмей келе жатқан проблеманың бірі», -дейді Гүлнар Садуахасова.

Оның айтуынша, өңірде 2023-2027 жылдарға арналған балабақша кезегін шешу жоспары әзірленген.

Бес жыл ішінде 16 882 бала үшін жаңа орын ашу жоспарланып отыр.

«Өткен жылдың желтоқсан айында Атырау қаласындағы «Жұлдыз» және «Көктем» шағын аудандарында әрқайсысы 160 орындық екі балабақша ашылды. Қазір әрқайсысы 290 орындық 9 балабақшаның құрылысы аяқталды. Бұл нысандар жақын арада пайдалануға беріледі. Ал, «Өркен» шағын ауданында 160 орындық, Бесікті ауылында 280 орынға есептелген балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр. Геолог елді мекеніндегі «Шаңырақ» балалар үйінің орнында 320 орындық балабақшаның құрылысы салынады. Осыған байланысты жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау қолға алынды», -деп мәлім етті Гүлнар Садуахасова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда апатты жағдайдағы «Тұлпар» балалар лагерінің ғимараты бұзылатынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар