Атырау облысында 18 ауылға табиғи газ әлі тартылмаған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 18 ауылға табиғи газ әлі тартылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың мәліметіне сүйенсек, Атырау мен Құлсары қаласында, 135 елді мекен тұрғындарының 88,4 пайызы табиғи газ желісіне қосылған.

«Атырау облысында табиғи газ желісімен 18 ауыл қамтылмаған. Бұлар – Ниетбай, Кетебай, Кеңөріс, Томан, Мыңтөбе, Ауқайран, Айбас, Жасқайрат, Қызылүй, Қойсары, Қараша, Ескене, Былқылдақты, Қоңыраулы, Тасқұдық, Сарқұмақ, Соркөл, Кенбай елді мекендері.

Қазір Қызылқоға ауданының 6 ауылына, Исатай ауданындағы 2 елді мекенге газ құбырын тарту құрылысы жүріп жатыр. Атырау қаласының оң жағалау бөлігінде орналасқан елді мекендерді газбен үздіксіз қамту жоспары бар. Осы мақсатта «АГТС Финская-120» және «Редут–АГРС Финская-120» магистралды газ құбырын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын жасау қолға алынды», - дейді Қайрат Нұртаев.

Оның айтуынша, алдағы жылдары табиғи газға қосылатын ауылдар қатары 145-ке жетеді. Осылайша, мұнайлы өңір тұрғындарының 93,5 пайызы көгілдір отынды тұтынады.

Еске салайық, бұдан бұрын Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында 2 елді мекен құрылатынын хабарлаған болатынбыз.

Ресеймен шекарадағы Құрманғазы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ренат Нұғмановтың мәліметінше, Құрманғазы ауылдық округіндегі «Болашақ» және «Шипажай» шағын ауылдары жаңа елді мекен ретінде қайта құрылады. Қазір мұнда инженерлік-коммуникация желілерін тарту жұмыстары аяқталған.


Фото: onenergyconsulting.it



Соңғы жаңалықтар