Атырау облысында 18 наурыздан бері коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 18 наурыздан бері коронавирус инфекциясынжұқтырғандар тіркелген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында 18 наурыздан бері коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 17 наурызда қауіпті вирусқа 1 адам шалдыққан. Ал, 18 наурыздан бері коронавирус инфекциясын ешкім жұқтырмаған.

«Қазір өңірдегі инфекциялық стационарларда 6 науқас емделіп жатыр. Өз үйінде 27 адам ем-дом қабылдау үшін оқшауланған. Соңғы бірнеше тәулікте коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар тіркелген жоқ», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Атырау облысында былтырғы 1 ақпаннан бері COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналардың I компонентін 269 863 адам ектірген. Вакциналардың II компонентін салдырғандар саны 256 764 адамға жетіп отыр.

«Былтырғы 20 қарашада басталған Рfizer вакцинасын алатын 12-18 жас аралығындағы 63 138 жасөспірім бар. Бала емізіп отырған және жүкті әйелдер саны – 35 362. Содан бері Рfizer екпесін 7 622 адам салдырды. Ал 97 493 адам қайта вакциналаудан өтетіндер тізіміне енгізілген. Ревакциналауды бірінші кезекте дәрігерлер мен полицейлер, мұғалімдер, құқық қорғау органдары мен арнайы мекемелердің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, студенттер мен созылмалы сырқатымен есепте тұрған пациенттер алып жатыр. Бүгінге дейін қайта вакциналаудан 50 999 адам өтті», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда облыстық ауруханада гемодиализ орталығы ашылғанын жазған едік.