Атырау облысында 2025 жылға дейін 35 медицина мекемесі ашылады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 2025 жылға дейін 35 медицина нысаны ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін 10 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
«Құрманғазы ауданындағы Алтыншы, Шағырлы, Жасталап, Егінқұдық ауылдарында медициналық нысанды салуға дайындық басталды. Қазір арнайы бөлінген учаскелерде топырақ төгу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Махамбет ауданының Талдыкөл ауылындағы тозығы жеткен дәрігерлік амбулатория ғимаратын бұзу қолға алынды. Орнына заманауи ғимарат салынады. Биыл осы нысандарға қоса Исатай ауданының орталығы – Аққыстау селосында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жылыой ауданында орталық аурухана, Атырау қаласының маңындағы Береке, Дамбы ауылдарында дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, келесі жылы облыста 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы салынады.
«Жаңа нысандардың арасында 7 медициналық пункт, 6 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Атырау қаласында үш қосалқы пункті бар жедел медициналық жәрдем стансасы үшін жаңа ғимарат бой көтереді», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтырау облысында 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға берілетінін хабарлаған едік.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, жаңа мектептің бесеуі Атырау қаласында, біреуі Махамбет ауданында салынып жатыр.
Ал, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы мектеп жанынан жапсаржай пайдалануға беріледі. Жаңа білім ордалары 6 450 орынға есептелген.
Ал, 2024 жылы 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 9 білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынады.