Атырау облысында 23 қаңтардан бері 12 мыңнан астам шетелдік көлік заңдастырылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 23 қаңтардан бері 12 мыңнан астам шетелдік көлік заңдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында 23 қаңтардан бері 12 мыңнан астам шетелдік көлік заңдастырылды

Атырау облыстық полиция департаменті процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Жеңіс Дәулетовтің айтуынша, 23 қаңтарда шетелде тіркелген көліктерді заңдастыру басталған.

«Үкіметтің Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру туралы №13 арнайы қаулысы бар. Аталған қаулыға сәйкес заңдастыру науқаны биылғы 23 қаңтарда басталды. Содан бері Атырау облысында 12 191 шетелдік көлік иелері көліктерін заңбастырып, мемлекеттік нөмір алды. Оның ішінде Ресей Федерациясынан әкелінген 5 253, Армени Республикасында тіркеуде тұрған 6 511 көлік бар. Белорусь Республикасынан 1, Қырғыстан Республикасынан 115, Грузия Республикасынан 41, Дубайдан 1 көлік әкелінген. Ал, 22 мамырдан бастап 269 шетелдік конструктор көлік иелері мемлекеттік нөмірге ие болды», -деп хабарлады Жеңіс Дәулетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілерден 16 млн теңге өндірілгенін жазған едік.

Атырау қаласында жыл басынан бері айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілер анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес 800-ден астам автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Автокөлік жүргізушілерінің төленбеген 30 млн теңгеге жуық айыппұлы бары анықталды. Ал 7 маусымнан бері өткізіліп жатқан «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 400-ге жуық көлік жүргізушісінен 16 млн теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынды. Айыппұлы төленбегені үшін 287 автокөлік арнаулы тұраққа жеткізілді.